Алматыда арықтан табылған нәрестенің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ – дәрігерлер
«Кеше түнгі сағат 00:38-де Райымбек даңғылында орналасқан «Maxima» ойын-сауық сауда орталығының маңына жедел медициналық жәрдем қызметіне шақырту түсті. Оқиға орнына жеткен мамандар салмағы 3 келі, бойы 52 см болатын жаңа туған нәрестеге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, бірден балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізді. Қабылдау кезінде баланың жағдайы гипотермияға байланысты ауыр болған (дене температурасы 34,5). Қазір жағдайы орташа, дене температурасы қалыпты. Нәресте белсенді түрде өздігінен еме алады»,– деп хабарлады басқармадан.
Қазір жаңа туған нәрестені № 2 балалар ауруханасына ауыстыруға дайындап жатыр. Ол жерден толық тексерілгеннен кейін балалар үйіне жіберіледі.
Бұған дейін, Алматыда арықтан жаңа туған нәресте табылғаны туралы жазған болатынбыз.