Алматыда арықтар желісін жөндеуге 600 млн жуық теңге бөлінеді
«Алматыда көбейген нөсер жауындар арық желісіндегі кемшіліктерді айқын көрсетіп берді. Қалада арық желісінің 50 пайызы қанағаттанарлықсыз күйде. Осыған байланысты, 495 млн теңгеге 18,2 шақырымдық арық желісіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Бұл, биыл «Алматы қаласын дамыту-2020» бағдарламасының «Жайлы қала» атты бірінші басымдығының «Таза қоршаған орта» бағыты бойынша жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, қалаға қосылған елдімекендерде жалпы сомасы 95,4 млн теңгеге 72 шақырымдық арық желісін қайта қалпына келтіруге және жаңадан 194 шақырымдық арық желісін салуға қатысты жоба-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланды», - деді М. Қиқымов.
Оның айтуынша, бұл шаралар алдағы уақытта нөсер жауындар кезінде су басу оқиғаларын болдырмауға және қалалықтарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бұл қаражаттан басқа, Думан шағын ауданында аумағы 92 гектар жердегі жаңа зиратты қоршау, ретке келтіру жұмыстарына - 37,4 млн теңге, Шығыс айналма жолы бойында 3 мың тал-шіліктер отырғызуға - 29,8 млн теңге бөлінеді.
Сонымен қатар, 2 мектепті, №9-шы қалалық емхананы және Психикалық денсаулық орталығын сейсмикалық тұрғыда нығайту және осы орталыққа жапсарлас үй-жай салуға - 977,8 млн теңге бөлінді. Ал, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының сенімді инфрақұрылымы» бағытында энергетика және коммуналдық шаруашылық саласына қосымша - 2,4 млрд теңге бөлу жоспарланды. Оның ішінде - 1,3 млрд теңге сумен қамтамасыз ету және су тарту жүйесін дамытуға жұмсалады.