Алматыда аса ірі көлемде қаржы жымқырған кәсіпкерге сот үкімі шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржылық мониторинг агенттігі «Almaty Kuat» ЖШС директорына қатысты алаяқтық және аса ірі көлемде қаржыны заңдастыру (жылыстату) фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ісін аяқтады, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Алматыда аса ірі көлемде қаржы жымқырған кәсіпкерге сот үкімі шықты

Тергеу барысында ЖШС директоры Алматы қаласының индустриалды аймағына қатысушы 10-нан астам шаруашылық жүргізуші субъектілерімен электр энергиясын жеткізу шартын жасасып, тұтынушыларды, сондай-ақ өндіруші және жеткізуші ұйымдарды алаяқтық жолмен төлем шоттарын жазғаны анықталды. Сонымен қатар кәсіпкерлер екі жыл бойы электр энергиясы үшін негізсіз ақы төлеп келгені белгілі болды. Осылайша ол жалпы сомасы 620 млн теңгеден астам шығын келтірген.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында жоғарыда аталған ЖШС директорының мәмілелер арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражаттарды заңды айналымға түсіргені анықталды. Сот қаулысымен жалпы сомасы 134 млн теңгеден астам жер телімдері мен құрал-жабдықтарға тыйым салынды», – делінген хабарламада.

Сот үкімімен ЖШС директоры кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды.