Алматыда Асанбай Асқаровтың 90 жылдығына арналған конференция өтеді
АЛМАТЫ. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматыда 14 қыркүйек күні Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Асанбай Асқаров: саяси қайраткер, ғалым, жазушы» деген тақырыпта ғылыми конференция, ал 15-інде Ғылым ордасында мерейтойлық салтанатты жиын өтеді.
Ол есімі республика ғана емес, күллі ТМД елдеріне белгілі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ғалым Асанбай Асқаровтың туғанына 90 жыл толуына арналып отыр.
1922 жылы өмірге келіп, 2001 жылы 79 жасында бақилық болған ол еңбек жолын мектеп мұғалімі боп бастап, түрлі салаларға басшылық қызмет жасап, республиканың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз зор үлес қосты. Атап айтқанда 1965-1978 жылдары ол Алматы облысына басшылық жасаған кезде 68 шаруашылық, екі селолық, екі қалалық аудан құрды. Алматыда темір жол транспорты инженерлері институты, Алматы құрылыс-сәулет, Энергетика институттары ашылып, Қонаевтың басшылығымен Қапшағай су қоймасы салынды. Алматыда Ә.Жанкелдин, О.Жандосов ескерткіштері, Панфилов паркіндегі Даңқ мемориалы ашылды, мұның бәрі А.Асқаровтың идеялары бойынша іске асырылған еді. А.Асқаров қай жерде істесе де, сол аймақты құлпыртып, жайнатып жіберуге, халықтың жағдайын мүмкіндігінше жақсартуға бар күш-жігерін жұмсады. 1978 жылы Шымкент обкомына І хатшы болып сайланысымен оңтүстік өңірінің өндірісін, ауыл шаруашылығын, әсіресе мақта шаруашылығын, қала құрылысын дамытуды мықтап қолға алды. Шымкент қаласында халықтың демалуы үшін қоқыс жиналып келген 140 га жерді дендробаққа айналдырып, бюджеттен бір тиын да алмай, бірде-бір облыста жоқ зоопарк, балалар темір жолын, ипподром салдырды. Алайда қайта құру кезеңі басталғанда «Желтоқсан» оқиғасының ұйымдастырушысы деген жалған айып тағылып, 4,5 жыл әділетсіз тар қапаста тергеуде отырды. Кейін ақталып шыққан соң, қоғамдық жұмысқа қайтадан белсене атсалысып, шығармашылық жұмыспен айналысты. Мәселен, «Тағдыр» әдеби-мемуарлық романын, «Көзқарас» әдеби-тарихи эссесін, «Ұлы Тұранның ұлдары» әдеби-тарихи, танымдық кітабын, «Жұмақ пен тозақ» жырлар жинағын жарыққа шығарды. М.Х.Дулати қоғамдық қорына басшылық етіп, оның мұраларының халыққа жетуіне ұйытқы болды.