Алматыда асбесті пайдаланудағы қауіпсіздік жайын қарастырған семинар өтті
АЛМАТЫ. Мамырдың 11-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыда Еуропалық Кеңестің қаржыландыруындағы жоспар аясында «Қазақстанда асбесті және құрамында асбест бар заттарды пайдалануда қауіпсіздікті басқару мен тәуекелді азайту» тақырыбында семинар өтті.
«ҚР Экофорум» ҮЕҰ мүшесі Қайша Атаханованың айтуынша, Еуропа мен тағы басқа дамыған елдер асбестті адам өміріне зиянды деп тауып, оны пайдаланудан бас тартқан. «Қазіргі уақытта бізге әлемдік тәжірибелерге көз жүгірте отырып шешімдер қабылдаған жөн. Асбестің пайдасы мен зияны жайын саралай отырып, жұртшылықты дұрыс ақпаратттандыруымыз керек. Бізде қазір асбесті пайдалануға болмайды деген заң жоқ, дегенмен халық оның зиянды екенін білуі керек», дейді Қ.Атаханова.
Жиын барысында сарапшылар және экологтар асбестің адам өміріне тигізер зияны мен асбесті заттардың қалдықтарын қайда сақтау керек деген мәселе төңірегінде сөз қозғап, пікірлерін білдірді.
Олардың айтуынша, асбест талшықтарын көп жылдар бойы жұту асбестоз, өкпе талшықтарының бүлінуі, өкпенің қатерлі ісігі, мезотеолима сияқты ауруларға әкеп соғады.
Сонымен қатар Қ.Атаханова мектеп пен балаларға арналған мекемелер ғимаратының құрылысында асбест бар материалдар қолданылғанда оларды кесу, тасымалдау кезінде қатаң бақылап, тиісті шаралар қабылдап отыру керектігін айтты.