Алматыда ашық аспан астындағы «Оркестрлер шеруі» бүгін де жалғасын табады

Естеріңізге сала кетсек, музыка фестивалі 14 қыркүйек күні басталып, Ғылым Академиясы алдындағы Ш. Уәлиханов алаңында өтуде. Ашық аспан астындағы Фестивальге еліміздің ең мықты оркестрлері - Қазақ академиялық фальклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі, Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, ҚР мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрі, Құрманғазы атындағы мемлекеттің академиялық халық аспаптар оркестрлері қатысуда. Музыкалық шеруді әйгілі дирижерлар Ваг Папян, Қанат Ахметов, Александр Беляков, Динара Тілендиева, Жалғасбек Бегендіков және Дүйсен Үкібай басқаруда.
Екі күннен бері Ш.Уәлиханов атындағы алаң оркестр музыкасының сиқырлы дыбыстарына орануда. Кеше ашық аспан астында қазақ халық әуендері мен халық композиторларының туындылары шырқалса, бүгін симфониялық музыкалар әуелейтін болады. Қала тұрғындары мен қонақтары бүгін сондай-ақ, Қазақстанның халық артісі, халықаралық конкурстардың лауреаты Жәния Әубәкірованың, сонымен қатар, Ресейдің халық әртісі Денис Макаровтың және Армения елінен келген әнші Балжан Асатурдың орындауындағы әндерді тамашалай алады. Концерт әдеттегідей кешкі сағ. 20.00-де басталады.
Шара басталғаннан бері думанға жиналған халықта есеп жоқ.
«Оркестрлер шеруі» - Алматы қаласы әкімшілігінің Қала күніне арнаған, тұрғындарға тағы бір сый тартуы болып табылады.