Алматыда Ashyq жобасына қатысатын кәсіпкерлер саны 1,7 мыңға жетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ashyq жобасына қатысушылар саны 1700-ге жетті. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Ashyq жобасына қатысатын кәсіпкерлер саны 1,7 мыңға жетті

Оның мәліметінше, сәуір айында Ashyq жүйесін 367 кәсіпкер қолданса, қазір олардың саны 1700-ге жеткен.

«Жобаға қатысушылар тізімінде 128 фитнес-орталық, 40 СПА-салон, 38 бассейн, 5 боулинг-клуб, 18 бильярд, 110 компьютерлік клуб, 110 монша, 1096 қоғамдық тамақтану нысаны, 33 караоке, 19 кинотеатр, театрлар мен концерт залдары бар», - деді ол.

Сондай-ақ ол тестілік режимде 232 бизнес субъектісі жұмыс істеп жатқанын және жобаға ерікті түрде 44 нысан қатысуға ниет білдіргенін жеткізді.

«Жоба Kaspi.kz-пен бірікті, енді сіз мәртебеңізді банк қосымшасында біле аласыз. Сондай-ақ келесі кезеңде сервисті Egov Mobile мен Halyk bank-те жариялау жоспарланды. Алдағы уақытта қамтылатын қызмет саласы туралы айтатын болсақ, бұл - барлық әуежайлар, теміржол вокзалдары, фудкорт, ЖОО мен басқалары», - деді Айтуар Қошмамбетов.