Алматыда асқазанынан пакет табылған қар барысы өліп қалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Мамандар Іле-Алатау ұлттық саябағының аумағынан табылған әлсіреген қар барысының өмірін сақтап қала алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда асқазанынан пакет табылған қар барысы өліп қалды

Алматы қалалық зообақтың мәліметінше, 8 желтоқсан күні Іле-Алатау ұлттық саябағының аумағынан әлсіреген қар барысы табылған.

Оның жағдайы мүшкіл болып, қатты азып, арықтаған. Өзіне жақындаған техниканың дауысына да мән бермеген.

Жануарды кездестірген саябақ қызметкерлері дереу мамандарға хабар берген.

Қар барысы кездескен аумаққа Іле-Алатау ұлттық паркінің мамандары, Зоология институтының қызметкерлері, Алматы хайуанаттар бағының ветеринарлары арнайы барған.

«Жануардың жағдайы өте ауыр екені белгілі болды. Сол жерде көмек көрсету мүмкін болмағандықтан, дәл диагноз қою үшін жануардың денесінен зерттеуге қажетті жағындылар (ПТР сынағы үшін) және қан сынамалары алынды. Мамандар әлсіреген жануарды Алматы зообағына жеткізу туралы шешім қабылдады. Өкінішке қарай, жануар аса ауыр жағдайда болғандықтан, хайуанаттар бағына жеткізіген соң, барыс өліп қалды. Барысқа Іле Алату ұлттық паркі, Зоология институты және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі әріптестермен бірге патологиялық-анатомиялық сараптама жасалды. Қатты әлсіреп шаршаумен қоса, жануардың асқазанынан гельминттердің көптігі, полиэтилен пакеті табылды. Жасы ұлғайған барыстың тістері тозып, аң аулай алмай қалған. Жабайы табиғаттың, Алатаудың көркі болып жүрген барыс өліп қалды. Оны құтқару үшін қолдан келгенді жасауға тырыстық. Бірақ бәрі кеш болды», - делінеді зообақтың хабарламасында.

Алматы зообағы осы оқиғадан сабақ алып, қоршаған ортаға, табиғатқа қамқорлық жасауға шақырды.

«Табиғат аясына шыққанда адамдар айналаны ластап, қоқыс тастамау керек. Әсіресе, түрлі тағамдардың иісі сіңген полиэтилен пакеттер жануарлар үшін өте қауіпті. Жануарларға қамқор болып, оларды құтқару – баршаның міндеті мен жауапкершілігі. Біз бірге ғана табиғатты сақтай аламыз», - деп хабарлады зообақ.


Фото: instagram.com/almatyzoo