Алматыда «Әскери Альпиниада» аяқталды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда «Әскери Альпиниада» аяқталды. Оның барысында Қазақстан Қарулы күштерінің әскерилері Армия ойындары-2016 шеңберінде өтетін «Эльбрус шығыршығы-2016» байқауына жолдама ұтып алу үшін бақ сынасты.
«Тау - бұл қателікті кешірмейтін, алдын ала болжауға келмейтін әрі күрделі орта. Сондықтан болар АОСК-ның алдындағы басты міндет - төтенше жағдайларда байқауды қауіпсіз өткізу. Байқаудың барлық кезеңдері барынша қиын болды. Себебі, ауа райы құбылып, тосын мінез танытты. Жаңбыр жауып, тауда айнала көрінбей қалды және күн ысып кетті. Қатты шаршағандықтан командалардың қашықтықты еңсеріп өте алмаған кездері де болды. Алайда, мұның барлығына қарамастан, сайыс жоғары деңгейде өтті және көптеген әскери қызметшілер жоғары дайындық деңгейін көрсетті», - деді сайыс төрешісі, АОСК штаттық командасының таулы даярлық жөніндегі аға бапкері, аға лейтенант Мақсұт Жұмаев.
Аэроұтқыр әскерлері 48386 әскери бөлімінің командасы сайыс жеңімпазы атанса, 32356 әскери бөлімі екінші орынды, «Оңтүстік» ӨңҚ 03811 әскери бөлімі үшінші орынды еншіледі.
«Менің командам жақсы нәтиже көрсетті. Мұның барлығы жақсы дайындық пен ұйымшылдықтың арқасы. Жарыс барысында қиындықтар кездесті. Қашықтықты өткермей, барлығын тастап кеткің келген кезеңдер болды. Алайда, біз соңына дейін жетіп, жеңіске қол жеткіздік», - деді Ерлан Шөкеев.
Әскери альпиниада бес кезеңде өтті. Бірінші және екінші кезең шеңберінде әскери қызметшілерге күрделі емес шөпті, оранбалы және бағдардың қарлы учаскелері бойынша күндізгі өткелден өту қажет болды. Үшінші және төртінші кезең барысында сайыс қатысушылары «Ілмелі өткел», «Құзға өрмелеу» және «Жаралыны тасымалдау» арнайы учаскелерін өтті.