Алматыда әскери институттар курсанттары арасында кір тасын көтеру мен қол күресі бойынша чемпионат өтті

АЛМАТЫ. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ақпанның 9 мен 13 аралығында Алматыдағы Армияшылардың орталық спорт клубы базасында кір тасын көтеру мен қол күресі бойынша Қарулы Күштердің жекелей-командалық чемпионаты өтті.

Алматыда әскери институттар  курсанттары арасында кір тасын көтеру мен қол күресі бойынша чемпионат өтті

Жарыс ҚР Қарулы Күштерінің 2011 жылғы дайындық жоспары мен әскери-қолданбалы және ойындық спорт түрлерінен Спартакиаданың I регламентіне сәйкес ұйымдастырылды. Бұл байрақты бәсекеде Құрлық әскерлері Әскери институтының, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының, Әуе қорғанысы күштері әскери институтының, Әскери-теңіз институтының, Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы мен ІІМ Ішкі әскерлері әскери институттарынан жасақталған командалар бақ сынасты.

Алғашқы екі күнде спортшылар кір тасын көтеруден сынға түсті. Бұл додада жүлделі бірінші орынды Құрлық әскерлерінің Әскери институты иеленсе, екінші орынға ІІМ Ішкі әскерлері әскери институты көтерілді. Үшінші орынды Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты місе тұтты.

Чемпионаттың соңғы күні әскери спортшылар қол тіресуден сынға түсті. Бұл жарыста сәл ғана артықшылықпен Ішкі әскерлер әскери институтының командасы жеңіс тұғырына көтеріле білді. Ал, Құрлық әскерлерінің Әскери институты 2-орынды алса, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының командасы 3-орыннан көрінді.

Әскери спортшыларды ұлықтау рәсіміне Қазақстан Республикасы Кір спорты мен армрестлинг федерациясының президенті Владимир Дрекслер қатысты. Ол әскери оқу орындары спортшыларының ҚР ҚК спартакиадасының шеңберінде бұдан өзге де әр түрлі жарыстарға қатыса алатындығын, олардың әр қайсысы жоғары көрсеткіштерге ие болып, жеңімпаз атанатынына сенім білдірді.

Жарыс қорытындылары бойынша үздік деп табылған спортшылар ТМД-ның алдағы чемпионатына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының негізін құрайтын болады.