Алматыда аспазшылар сайысқа түседі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 8-9 шілде күндері «Ас фестивалі» өтеді. Ірі гастрономиялық шоу Алматы іргесіндегі Табаған кешенінде ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Алматыда аспазшылар сайысқа түседі

«Биыл алғаш рет фестиваль аясында 10 аймақ ұйымдастырылады. Көлемді Food аймақ, кофе, денсаулық, лекция, дұрыс тамақтану аймақтары ашылады. Сондай-ақ, балаларға арналған аймақ, скалодром жұмыс істейді», - деді «FCF Company» компаниясының өкілі Яна Кузнецова.

Гастро-форум кураторы Ольга Черемисинаның айтуынша, food-аймақта отандық және шетелдік бас аспаздар барбекю пісіруден тартысқа түседі. Сондай-ақ мамандар шеберлік сабақтарында ас әзірлеудің құпиялары туралы айтып бермек.

Кофе аймағында кофені дұрыс әзірлеу мен берудің қыр-сыры көрсетіледі.

Дұрыс тамақтану аймағында мамандар, дәрігерлер, диетологтар ағзаға пайдалы ас өнімдерінің дәрумендік құрамы, пайдалы ас ішу туралы ұсыныстар береді.

Сондай-ақ, Алматы тұрғындары келушілер арасынан ең үздік келінді таңдап алады.

Мәдени шара кешке ашық аспан астындағы киносеансқа ұласады.