Алматыда Астана күні кең көлемде атап өтіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Астана күні Алматы қаласында бүгін, 4 шілдеден бастап тойлана бастайды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Алматыда Астана күні кең көлемде атап өтіледі

Сонымен, бүгін кешкі сағат 21:30-да Алматыда еліміз бойына тұңғыш рет түнгі веложарыс өтеді. Велошабандоздар сағат 21:00-де әл-Фараби даңғылы мен Тәттімбет көшесінің қиылысына жиналады. Жарыс бағыты төмендегідей: қатысушылар әл-Фараби даңғылы бойымен батысқа қарай Сырғабеков көшесіне дейін барады да, сол жерден кері бұрылып, шығысқа қарай жарысады. Сөйтіп, «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешені маңынан мәре сызығынан өтеді. Жеңімпаздарды бағалы сыйлықтар күтіп тұр.

Ал 6 шілде күні оңтүстік астанада 15-ші қазақстандық «Нұрсұлтан-2014» альпиниадасы өтеді. Оған альпинистер мен барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Осылайша алматылықтар «Нұрсұлтан» шыңын 15-ші рет бағындырайын деп отыр. Жексенбі күні таңғы сағат 04:00-тен бастап Достық даңғылы мен Құрманғазы көшесінің қиылысынан Медеуге қарай тегін автобустар жүре бастайды. Қатысушылар Медеуден (1600 м) «Медеу-Шымбұлақ» арқан жолымен Шымбұлаққа (2380 м) көтеріледі. Әрі қарай альпинистер Талғар асуына (3200 м), одан кейін Комсомол (4000 м) асуына көтеріледі. Бұдан әрі қарай жартасқа өрмелеу, яғни «Нұрсұлтан» шыңына (4376 м) көтерілу басталады. Қатысушыларда тиісті киім-кешек, күннен қорғайтын көзәйнек, тауға киетін аяқ киім және басқа да керек-жарақтар болуы шарт. Альпиниадаға қатысушылар үшін тау-шаңғылы арқан жолдарда жүру тегін. Шыңға шығу шарасы күндізгі сағат 14:00-ге дейін ғана жалғасады. Ал негізгі мерекелік шара сол күні кешке сағат 20:00-де Астана алаңында өтеді. Мұндағы концерттік бағдарламаға Бақыт Шадаева мен басқа да отандық эстрада жұлдыздары және «Сарын», «Азия», «Ерке», «Джуниорс» және «JCS» топтары қатысады. Сонымен қатар Алматыда Астана күнін мерекелеу аясында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік әлсіз санаттағы тұрғындарға - мүгедектерге, зейнеткерлерге, сонымен қатар көп балалы және толыққанды емес отбасыларға 100 пәтердің кілті табыс етіледі. Жалпы қалалық мереке аясында барлық демалыс орындарында мәдени-ойын сауық шаралары өтеді. Қаланың әрбір ауданы өзінің мерекелік бағдарламасын жүзеге асырады. Мереке 6 шілде күні таңғы сағат 11:00-де барлық ауданда бір мезетте басталады. Онда концерттер, спорттық ойындар, байқаулар, викториналар, тақырыптық фотокөрмелер және басқа да қызықты шаралар өтеді.