Алматыда «Астық» ЖШС азық-түлік қоймаларының өрт шалған аумағы 410 шаршы метрді құрады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының Жетісу ауданындағы Бөкейханов көшесі бойында орналасқан «Газ монтаж» ЖШС аумағында орналасқан азық-түлік қоймаларынан өрт шықты. Бұл туралы алғашқы хабар 101 кезекші бөліміне 12 сағат 51 минутта келіп түсті, деп хабарлайды Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің баспасөз қызметінен.

Алматыда «Астық» ЖШС азық-түлік қоймаларының өрт шалған аумағы 410 шаршы метрді құрады

Өрт сөндірушілер оқиға орнына 12 сағат 58 минутта келіп жеткен. Белгілі болғанындай, бұл қоймаларды «Астық» ЖШС әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді қою үшін жалға алған екен. Өрттің аумағы 410 шаршы метр жерді құрады. Тілсіз жау 13 сағат 41 минутта ауыздықталып, 15 сағат 48 минутта толығымен сөндірілді. Оны жоюға 19 арнайы техника мен 8 қосымша техника және жеке құрамнан 98 адам жұмылдырылды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Тілсіз жау қоймалардың мұздатқыш қондырғыларына жеткізілмей өшірілген.

Қазір өрттің орын алу себептері мен өртеніп кеткен азық-түліктің көлемі және бағасы анықталу үстінде.