Алматыда астыртын ойын автоматтар залының қызметін ұйымдастырған Мали Республикасының азаматы жауапқа тартылды
АСТАНА. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Заңсыз ойын мекемелерінің Алматы қаласында шоғырланғандығы расталды.
Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі (қаржы полициясы) Мұрат Жұманбай мәлім етті.
«Қаржы полициясы органдарының статистикасы заңсыз ойын мекемелерінің Алматы қаласында шоғырланғандығын растайды. Жылдың басынан осы қалада заңсыз қызмет атқарған 7 казино және 25 ойын автоматтары залы анықталды»,- деді ресми өкіл бүгінгі брифинг барысында.
Алматыда астыртын ойын автоматтар залының қызметін ұйымдастырған Мали Республикасының азаматы Кангаба Куликоро қылмыстық жауапқа тартылды. 3 электрондық және 2 «орыс» рулеткасы, 59 ойын автоматы және 400 мың теңге тәркіленді.
«Елордамызда да заңсыз ойын мекемелері көптеп анықталды. Бірінші жартыжылдық ішінде Астанада 24 астыртын ойын мекемесінің қызметі әшкереленіп, 285 ойын автоматы, 12 стол және 10 рулетка тәркіленді»,- деді ол.
Астана қаласында 9 ойын автоматтары залынан және 2 казинодан құралған заңсыз ойын мекмелерінің желісін ұйымдастырған ағайынды 2 азамат сотқа тапсырылды. Аталған заңсыз мекемелерді тексеру кезінде 16 млн.теңге, 174 ойын автоматы, карта ойынына арналған 5 стол және 6 электрондық рулетка тәркіленді. 152 млн. теңге сомасында тапқан заңсыз табысты ағайындылар автомобиль және Астанада 4 пәтер сатып алу жолымен заңдастырған. Сатып алынған пәтерлердің бірінде ломбард қызметі ұйымдастырылған.