13:20, 14 Қаңтар 2022 | GMT +6
Алматыда ата-аналармен және мұғалімдермен кері байланыс орнату үшін call-орталықтары іске қосылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ата-аналармен және мұғалімдермен кері байланыс орнату үшін Білім басқармасында, аудандық білім бөлімдерінде және әрбір білім беру ұйымдарында бірнеше call-орталықтары іске қосылады, онда сұрақтарға жауап немесе кеңес алуға болады. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Сall-орталықтарының телефон номерлері Білім басқармасының, аудандық білім бөлімдерінің және барлық білім беру ұйымдарының ресми сайттарында, әлеуметтік желілерде орналастырылады.
«Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, біз барлық ата-аналар мен білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне қауіпсіздік шараларын және санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз»,- деп атап өтті Ләззат Жылқыбаева.