Алматыда атыс болып, екі адам қаза тапты
АЛМАТЫ. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматының «Қалқаман» ықшам ауданында екі топтың арасында атыс болып, екі адам қаза тапты, бір адам ауыр жарақатпен №7 ауруханаға жеткізілді,
деп хабарлайды қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Қалалық ішкі істер департаментінің мәліметінше, таңғы 9 сағат 29 минутта ІІД-нің жедел басқару орталығына «Қалқаман» ықшам ауданындағы жеке үйлердің бірінде атыс болғандығы туралы хабар келіп түскен. Оқиға орнына жеткен жедел-іздестіру тобы екі топтың өзара жанжалы салдарынан атыс қаруынан екі адамның көз жұмып, бір адамның ауыр жарақат алғандығын анықтаған. Жарақат алған адам жеткізілген №7 аурухананың травматолиогия бөлімі мамандарының айтуынша, оның жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр. ІІД баспасөз қызметі мамандарының мәліметінше, екі топтың арасында болған жанжалға бірлескен коммерциялық мүдделерді бөлісе алмау себеп болған.
Қалалық ІІД-нің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектің айтуынша, қазіргі кезде күдіктілер анықталып, оларды ұстау шарасы қолға алынған. Сондай-ақ қылмыстың ауырлығына орай жедел-тергеу тобы құрылған.
Бұл Алматыда соңғы күндері болған екінші аса ауыр қылмыс. Наурыздың 28-і күні инкассаторлар тоналып, күзетші оққа ұшқан еді. Қазіргі кезде екі іс бойынша да қылмыскерлерді ұстау бойынша жедел шара өткізілуде.