Алматыда ауаның ластану көрсеткіші төмендеді
АЛМАТЫ.Тамыздың 11-і.ҚазАқпарат/Ербол Азанбек/ - Биылғы жылдың 1-ші тоқсанында Алматыда ауаның ластануы өткен жылмен салыстырғанда 0,8 есе азайды. Бұндай қорытынды «Алматы қаласының гидрометеорологиялық орталығы» МК сараптамасы бойынша жасалып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына сілтеме жасап.
Өткен жылы Алматы ауасының ластануы 14,3 деңгейін көрсеткен, биылғы сараптама бойынша көрсеткіш 13,5 болып отыр. Мамандардың пайымдауынша, бұл осы жылдың сәуір айында қабылданған 2009-2018 жылдарға арналған Алматы қаласында қоршаған ортаның ластануын төмендетудің кешенді бағдарламасының арқасында мүмкін болып отыр.Бұл бағдарлама аясында қазіргі кезде Алматыда «Таза ауа» айлығы өтуде.Қала көшелері мен шығаберісте экологиялық бекеттер орнатылып, көліктер тексерілуде.
Жалпы биылғы жылдың 1-ші тоқсанында қалада 112 899 дана көлік экологиялық тексерістен өткен.Оның 3822-і экологияға зияны көп, жарамсыз болып табылған.Сондай-ақ 1960-1970 жылдары шығарылған 20 мың көлік техникалық байқаудан өткізілмей тасталған. Жалпы алғанда 23 822 дана көліктің жүрісінің шектелуі экологиялық қалдықтың 8,6 мың тоннаға немесе 4,5 пайызға азаюына ықпал еткен.