Алматыда ауаның тазалығын бақылайтын датчик орнатылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Азия даму банкі (АДБ) қала тұрғындарының денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесу үшін Алматы қаласының әкімшілігіне ауа сапасын бақылауға арналған 50 Clarity Node-S құрылғысын сыйға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрылғылар «Алматы-Бішкек экономикалық дәлізі» техникалық көмек көрсету жобасы аясында берілді.
«Біз Алматы қаласының тұрақты дамуына көмектесуге әрдайым дайынбыз. Ауа сапасын бақылайтын датчиктер қоршаған ортаны жақсартуға көмектеседі «, - деді Азия даму банкінің (АДБ) Қазақстандағы өкілдігінің директоры Нариман Маннапбеков.
Датчиктер ауадағы күкірт диоксиді (SO₂), азот диоксиді (NO₂), көміртегі оксиді (CO), озон (O₃), PM₂ˌ₅ және PM₁₀ бөлшектерін анықтайды.
Бұл құрылғыларды орнату арқылы қаладағы ауа сапасының өзгеруін кұн сайын бақылап отыруға болады. Осылайша қала билігі ауаның ластану себебін анықтай алады.
Құралдарды тапсыру рәсіміне Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская мен «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Әлия Нұрбацина да қатысты.