14:54, 17 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алматыда аудан әкімдері халықпен есеп беру кездесулерін өткізеді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Марат Пірінбеков қаңтардың 19-24 күндері тұрғындарға есеп беру кездесулерін өткізеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл шара ҚР Президентінің «Жергілікті атқарушы орган жетекшілерінің тұрғындармен есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы бойынша жүзеге асырылмақ. Биыл алғашқы кездесуді Марат Үсенұлы «Тастақ» ықшам ауданындағы №62 орта мектептен бастамақ. Оған тұрғындар мен қалалық әкімшіліктің басшылары, Мәслихат депутаттары, түрлі деңгейдегі атқарушы органдардың аудандық бөлімшелерінің жетекшілері мен жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерінің төрағалары қатысады. Жалпы қазіргі таңда Алматының ірі әкімшілік, өнеркісіп, қаржы және мәдени орталығы саналатын Алмалы ауданында тіркеуде тұрған халықтың жалпы саны 184 мың 529 адамды құрайды. 18 мың 200 шаршы шақырымды алып жатқан аудан территориясында 445 өнеркәсіп кәсіпорны мен 3876 шағын бизнес субьектілері бар. Сондай-ақ 19 ЖОО, 17 арнаулы орта оқу орындары, 29 мектеп, 22 балабақша, 23 медицина мекемесі мен 5 театр аудан аумағында орналасқан.