Алматыда аудан әкімдігінің қызметкерлері блокпоста пара алу күдігіне ілікті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыдағы аудандық әкімдіктің екі қызметкері карантин кезінде пара алғаны үшін күдікке ілінді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алматы қаласы бойынша департамент Жетісу ауданы әкімі аппаратының екі бас маманына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Олар төтенше жағдайда және белгіленген карантин режимінде Жетісу ауданында орналасқан тосқауыл бекеттегі кезекшілік кезінде, тұрақты түрде Алматы қаласының тұрғындарынан қалаға кедергісіз кіріп-шығу үшін 280 мың теңге көлемінде жүйелі түрде пара алғаны үшін күдікке ілінді. Соттың санкциясымен күдіктілер қамауға алынды», - деді Жапақов.
Бұдан бөлек ол пара алу фактісі бойынша Алматы қаласындағы Көліктік бақылау инспекциясы РММ басшысы да күлікке ілінгенін айтты.
«Алматы қаласы аумағында төтенше жағдай кезінде 10 жүк көлігінің кедергісіз жүруі үшін 330 мың теңге көлемінде пара алған «ҚР ИИДМ Комитетінің Алматы қаласындағы Көліктік бақылау инспекциясы» РММ басшысы әшкереленді. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп нақтылады агенттік өкілі.