20:34, 26 Қыркүйек 2015 | GMT +5
Алматыда әуесқойлық триатлоннан Қазақстан чемпионаты өтеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда үстіміздегі жылдың 27 қыркүйегінде әуесқойлық триатлоннан «Almaty Triathlon» Қазақстан чемпионаты өтеді. Бұл туралы бүгін Қазақстанның әуесқойлық триатлон федерациясынан хабарлады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл спорттық шараны өткізудегі басты мақсат - халықаралық жарыстарға дайындалу, спортшылардың әлеуетін арттыру және саламатты өмір салтын насихаттау.
Жарыстар әуесқой және PRO санаттары бойынша өтеді. Бағдарлама бойынша спортшылар 350 және 750 метрге жүзеді, содан кейін 10 және 20 шақырымға велосипедпен жарысады және соңында 2,5 және 5 шақырымға жүгіреді.
«Алматы Triathlon-2015» спорттық шарасын өткізуден түскен қаржы «Милосердие» қайырымдылық қорына аударылады. Тіркелу шарттары https://www.reg.triathlon.kz сайтында егжей-тегжейлі айтылған», - делінген хабарламада.
Сонымен, чемпионат Алматы қаласының Алатау ауданында орналасқан Олимпиадалық даярлық орталығында таңғы сағат 08:00-де басталады.