13:33, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алматыда Ауған соғысына арналған көрме ашылды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыдағы ҚР Мемлекеттік Орталық мұражайында «Ауған трагедиясы. 20 жылдан кейін» атты көрме ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған көрме Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуының 20 жылдығына арналған. Көрмені Қазақстанның «Жауынгерлік бауырластық» жергілікті соғыстар мен әскери қақтығыстар ардагерлері одағы мен Алматы қаласы Ауған соғысы ардагерлерінің одағы ұйымдастырған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің мақсаты - Ауған соғысы туралы шындықты көрсету, жауынгерлер мен жастардың жаңа ұрпағын Ауғанстанда шайқасқан жауынгерлер мен офицерлердің патриоттық үлгісінде тәрбиелеу. Көрмеге Ауғанстанда шайқасқан, құрбан болған және соғыста аман қалған қазақстандық жауынгерлер мен офицерлердің деректі материалдары, наградалары, жеке заттары, әскери киімдері қойылған. Көрменің тұсаукесеріне Ауған соғысына қатысушы ардагерлермен жүздесу өткізіліп, «Әскер» әскери-патриоттық клубы мен «Шувари» балалар музыкалық тобының қойылымы көрсетілді. ҚазАқпарат анықтамасы: Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінде 1979 жылғы желтоқсанның 25-інен 1989 жылғы ақпанның 15-іне дейін 8 жылдан астам уақыт болды. Сол жылдары КСРО-ның 620 мыңға жуық адам, соның ішінде 22 мың қазақстандық, әскери қызметін Ауғанстанда өтеді. 15 526 адам, оның ішінде 924 қазақстандық, Ауған жерінде қаза тапты. 333 адам, оның 21-і қазақстандық, із-түссіз жоғалып кеткен.