Алматыда «Ауғанстан жан жарасы: 25 жыл өткен соң» көрмесі өтеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында 5 ақпанда Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылуына арналған «Ауғанстан жан жарасы: 25 жыл өткен соң» көрмесі ашылады.
Баршаға белгілі, кеңес әскерлері 1979 жылғы 25 желтоқсаннан 1989 жылғы 15 ақпанға дейін - тоғыз жыл, 1 ай және 19 күн ауған жерінде болды. Ауғанстанда барлығы 620 мың КСРО әскери қызметшілері болды, олардың арасында - 22 269 қазақстандық бар еді. Әскери ұрыстарда және алған жарақаттарынан және аурулардан 15526 адам, соның ішінде - 924 қазақстандық қаза болды. 333 адам хабар-ошарсыз кетті немесе тұтқынға түсті, олардың ішінде - 21 қазақстандық болды. Ерлігі мен батылдығы үшін 86 қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды.
Ауғанстандағы соғыс Кеңес Одағына даңқ та, абырой да әкелмеді. Қаза болғандардың туыстары мен жақындары үшін соғыс әскерлердің шығарылуымен аяқталған жоқ. Тұтқынға түскен көптеген сарбаздардың тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Бұл оқиғалардың тәжірибесі әрбір ел мен халық өздерінің ішкі мәселелерін өз адамдарының пайдасы мен игілігі үшін өздері шешуі қажеттігін ұқтырды.
Көрме мақсаты - ауған соғысы жайлы шынайы көзқарасты қалыптастыру, жастардың жаңа ұрпағына Ауғанстанда соғысқан сарбаздар мен офицерлердің үлгісінде патриоттық тәрбие беру, соғыс саяси проблемаларды шешудің тәсілі емес екенін қоғамға көрсету болмақ.
Экспозиция негізін құжаттық материалдар (фотосуреттер, хаттар, куәгерлердің және оқиғаға қатысушылардың деректері), Ауғанстанда соғысқан, сондай-ақ ұрыс даласында қаза болған және тірі қалған қазақстандық сарбаздар мен офицерлердің марапаттары мен жеке заттары құрайды.
Көрмені Алматы қаласы әкімдігі жанындағы жергілікті әскери жанжалдар мен Ауғанстандағы соғыс ардагерлері және мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері қалалық үйлестіру кеңесінің қатысуымен мұражай әзірледі.