Алматыда ауқатты отбасының баласын өлтірген жүргізуші сот барысында қайтыс болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адам өлтірді деп айыпталып отырған күдіктінің өзі тергеу амалдары барысында қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда ауқатты отбасының баласын өлтірген жүргізуші сот барысында қайтыс болды

10 шілде күні аталған сотта ҚР ҚК 96-бабы (кісі өлтіру) бойынша айыпталып отрыған Д.Наметовке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол алматылық отбасында жүргізуші болып қызмет істеген. Қылмыстық оқиға желісі 25 сәуірде басталған.

Сол күні ол жұмыс берушінің әйелі екеуі «Қазақстан» қонақүйіне барып, отбасының ұлы Мұқанды алып кетпек болған. Мұқан 24 сәуірден 25 сәуірге қараған түні аталған қонақүйде арақ ішіп, дау шығарған. Қонақүйге барғаннан кейін Мұқанның анасы мән-жайды анықтау үшін әкімшілікке кетіп, отбасы жүргізушісі Наметовке баласы Мұқанды көлікке отырғызуын сұраған. Алайда, Мұқан көлікке отырмай, қонақүйге қайта кіріп кеткен. Наметовке бағынбай екеуі бірге 23 қабатқа көтерілген. Мұқан №9 жүк жеделсатысына қарай бағыт алады, ал Наметов Мұқанды лифт шахтасынан алып кетпек болған. Алайда, соңғысы оған бағынбай Наметовке бірнеше соққы жасаған. Осы жерде «өзін қорлады» деп санаған Наметов Мұқанның желке тұсынынан бірнеше соққы жасап, жүк тасымалдайтын жеделсатының ашық шахтасына итеріп жіберген. Шахтаға құлаған Мұқан сол жерде мерт болды. Осыдан кейін Наметов іске өзінің қатысын жасыру үшін жолаушылар лифтісіне қарай кетіп қалған.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында қатерлі ісік ауруымен ауыратын Наметовтің өзі 22 маусым күні №12 қалалық клиникалық емханада көз жұмған.

«Осыған байланысты, Наметовке қатысты 96 баптың 1 тармағы бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды», -деді аталған соттың баспасөз қызметінде.