Алматыда аула командалары арасында шағын футбол лигасы өтеді
Футбол ойындары Тимур Сегізбаев атындағы алаңда өтеді. Ол Гагарин көшесі мен Си Синхай көшесінің қиылысында орналасқан. Жарысқа жасы сегізден асқан кез келген бала қатыса алады.
Футбол бәсекесі тегін, екі санат бойынша өтеді. Біріншісі, «А» лигасы - 8 жастан 14 жасқа дейін, екіншісі, «Б» лигасы - 15 жастан жоғары. Регламент бойынша әр команданың құрамында қатысушылар саны сегізден аспау қажет, қақпашыны қоса есептегенде алты немесе бес (алаңға байланысты) ойыншы ойнайды.
«Ойындар Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізіледі. Турнирдің басты мақсаты - алып шаһар жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыру, сонымен қатар, Алматы тұрғындарының спортпен, футболмен шұғылдануды, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру», - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 2016 жылы осы лига бойынша алты сайыс өтіп, 2500-ден аса адам жиналған.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және медальдар табысталады. Сонымен қатар, «Спорттық Алматы» жобасы атынан кішігірім сыйлықтар сыйға беріледі. Ал үздік футболшылар белгіленген номинациялар бойынша марапатталады.