19:45, 09 Маусым 2023 | GMT +5
Алматыда аулаларды абаттандыруға қойылатын талаптар қайта қаралады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда аула аумақтарын абаттандыруға қойылатын талаптар қайта қаралады. Бұл туралы шаһар басшысы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала нысандарын аралау барысында Ерболат Досаев аула аумақтарын күтіп ұстау және оларға қызмет көрсету мәселесіне назар аударды. Тиісті күтімнің болмауына байланысты балалар мен спорт алаңдарының пайдалану мерзімі қысқа. Сонымен қатар, ол ойын аймақтары жабындыларының сапасына назар аударды: 2021 жылы пайдалануға берілген нысандардың жағдайы көңіл көншітпейді.
Ерболат Досаев бейінді басқармалар мен аудан әкімдеріне балалар ойын және спорт аймақтарын салу кезінде олардың ұзақ жыл бойы пайдаланылуына баса назар аударуды және сапа стандарттарын әзірлеуді жүктеді. Бұған қоса, қала басшысы аудан әкімдіктеріне аулаларды ғана емес, жақын маңдағы аумақтарды да абаттандыруға қосымша қаражат бөлуді тапсырды.