Алматыда ауруханада жатқан велосипедші қызды көлік қақпаған - полиция

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы велосипедші қыз бен автокөлік арасында ешқандай жол апаты болмағанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Видеодан алынған кадр

Алматы қалалық полиция департаменті мәліметінше, жол-көлік оқиғасын тергеу барысында қызметкерлер велосипедші қызды қағып кетті делінген Toyota Solaris автокөлігінің жүргізушісін тапқан.

Ол оқиға орнына полиция қызметкерлері мен дәрігерлер келгенін айтты.

Көліктің жүргізушісі Достық даңғылымен оңтүстікке қарай келе жатып, кері бұрылған.

Сол кезде солтүстікке қарай келе жатқан велосипедші көлікке соғылмау үшін тежегішті басып, құлап қалған.

Осы сәтті бақылау камерасының бейнежазбасынан анық көруге болады.

«Бұрылып үлгерген көлік иесі артқы айнадан қыздың құлап қалғанын көреді. Бұл жерде тоқтауға тыйым салынғандықтан басқа көшеге көлігін қалдырып, оқиға орнына жаяу барған. Ол бірден 102, 103 нөмірлеріне хабарлаған. Полицияның келгенін күтті. Полицейлер велосипед пен автокөлік арасында ешқандай қақтығыс болмағанын анықтады. Сол себепті жол апаты тіркелмеді. Дәрігерлер қызды ауруханаға алып кетті. Қазір қызды ота жасауға дайындап жатыр, себебі, оның тістері сынған, жақ сүйегі жарақаттанған», - деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ ведомство көшеде тұрған полиция көлігінің оқиғаға еш қатысы жоқ екенін хабарлады.

Тәртіп сақшылары ақпаратты жан-жақты тексерген соң ғана қорытынды шығаруға, ал БАҚ өкілдерін жалған ақпарат таратпауға шақырады.

Еске салайық, кеше әлеуметтік желіде көлік қаққан қыздың видеосы шықты.

Жол-көлік оқиғасын Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тіркеп, тексеру жүргізіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар