Алматыда ауыл футболын дамытуға арналған семинар өтеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдың 5-7 ақпанында «Арман Ауыл» қоры «Ауыл футболында алғашқы футбол Weekend-ін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Балалар футболын дамыту бойынша тәжірибелік семинарға Ақтөбе, Ақмола, Түркістан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан өкілдер келеді.
Шара аясында ауылдағы жаттықтырушыларға арналған тәжірибелік семинарлар, балалар футболынан турнир, балалар академиясына және «Қайрат» ФК оқу-жаттығу базасына экскурсия, танымал футболшылармен кездесу өтікізіледі.
Шараның мақсаты – АуылФутбол лигасының тұсауын кесу, АуылФутбол лигасының ұйымдастырушылық форматы мен техникалық құралдарын апробациялау, ауылдағы балалар жаттықтырушыларын оқыту, салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды патриоттыққа тәрбиелеу.
«Арман Ауыл» қорының «Ауыл-футбол» жобасы ауылда балалар футболын дамытуға бағытталған. Жобаның негізгі міндеттері – футбол алаңдарын салуға демеушілерді тарта отырып, ауылдық балалар клубтарына жан-жақты көмек көрсету, футбол жабдықтарымен, спорттық формалармен қамтамасыз ету және жаттықтырушылар мен клуб жетекшілеріне арналған семинар-тренингтер өткізу.