Алматыда ауыл жастарының форумы өтті

АЛМАТЫ. Қазақпарат - Алматыда ауыл жастарының республикалық форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Форум «Ауыл» халық демократиялық партиясының бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шараға спорт, білім, ғылым, ауыл шаруашылығы саласында жетістікке жеткен 300-ге жуық жас қатысты. Жиын барысында аграрлық сала мамандарын жұмыспен қамту, ауыл жастарын мемлекеттік бағдарламаға тарту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, ауыл жастарының ұсынысы тыңдалды.

«Ерікті ретінде жұмыс жасап жүріп бір нәрсені аңғардым. Ауыл жастары қалаға келген соң көп қиындықтарға тап болады. Сондықтан Қазақстандағы ірі қалаларда орналасқан ЖОО-ларда бейімделу орталықтарын ашу туралы идея түсті. Өйткені жастар үлкен қалада радикалды діни топтардың ықпалына немесе басқа да деструктивті бағыттарға кетіп қалуы мүмкін. Оларға бейімделуге кәсіби социологтар мен психологтар көмек көрсететін болады», - деді «Ауыл» партиясының Астанадағы жастар қанатының төрайымы Айым Беркімбаева.

Оның айтуынша, еріктілер қозғалысы жастардың патриотизм сезімін оятып, моральдық құндылықтарға тәрбиелейді.

Айта кетейік, 23 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев жастар жылын ашқан болатын. «Ауыл» партиясы Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, ауыл жастарын Елбасы қойған міндеттерді орындауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар