Алматыда ауылдағы шет тілдер мұғалімдерінің семинары өтеді
АЛМАТЫ. 22 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 24-30 наурыз күндері Қазақтың Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ауылдағы шет тілдер мұғалімдерінің семинары өтеді.
Ол Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудағы 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Семинардың басты мақсаты - шет тілдерде білім беруді ұйымдастырудың инновациялық үлгілері бойынша педагогикалық тәжірибе алмасу. Сондай-ақ педагог мамандығының беделін көтеру және шетел тілдері педагогикалық кадрларын дайындау мәселелерін талқылау. Семинар кезінде «Жалпы білім беру мектептерінде шет тілдерде білім берудің қазіргі жағдайы» деген тақырыпта дөңгелек үстел жиыны және тілдік тренингтер мен шеберлік дәрістері жүргізілмек. Оған Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстпарынан 40 шетел тілдері оқытушылары қатысады деп жоспарланып отыр.