Алматыда автобус пен жеңіл көлік соқтығысты

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда автобус пен жеңіл көлік соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 15:00 шамасында Абай даңғылында болды.

«Автобус Абай даңғылының бойымен батыс бағытта қозғалып келе жатып, сол жақ жолаққа қарай ауысар кезде сол бағытта келе жатқан BMW көлігімен соқтығысқан. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Екі көлікке де механикалық зақым келді.

Бұл фактіні Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері тексеріп жатыр», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.

Еске салайық, бүгін Алматыда Төле би - Абылай хан көшелерінің қиылысында екі автобус соқтығысты.

Алғашында полицейлер 1 адамның көз жұмып, 15 адамның зардап шеккені туралы мәлімдеген болатын. Кейін жарақат алғандар саны 17-ге артты. Соңғы мәлімет бойынша, медициналық көмекке 21 адам жүгінген, оның 9-ы ауруханаға жатқызылды.

Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес тергеп-тексеру амалдарын бастады.


Соңғы жаңалықтар