Алматыда автобустарға газ құю бекеттері жетпей жатыр
Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, бүгінде Алматы қаласында автобустарға газ құю үшін жабдықталған 7 станция бар.
«Станциялар толық қуатының тек 20 пайызымен (тозуға байланысты) ғана жұмыс істеп тұр және күніне 650-ден астам қалалық жолаушылар автобусына (250-ден астамы әкелінген, алайда Алматы әкімдігі қозғалыс маршрутын ұсынбауына байланысты пайдаланылмай тұр) қызмет көрсетеді. Қызмет көрсетудің ұзақтығына байланысты жүргізушілерге ыңғайсыздық туып отыр. Жүргізушілер газ құю үшін таңертеңгі сағат 04:00-ден бастап кезекке тұруға мәжбүр. Салдарынан көптеген жүргізуші жұмыстан шығып, өзге салаларға кетіп жатыр», - деп хабарлады кәсіпкерлер палатасынан.
Бизнес өкілдері мәселенің шешімі ретінде газ құю бекеттерін ашу үшін жер учаскелерін беруді сұрап отыр.
«Бекеттер ашу мақсатында жер учаскелерін бөлу жұмыстары жергілікті атқарушы органға жүктелген. Алайда, жоспарлы іс-шаралар қазіргі уақытта төмен қарқынмен жүріп жатыр. Бұл салалардың өзара үйлесімде жұмыс істемегенімен және мемлекеттік органдардың қызығушылығының төмендігімен байланысты», - деді «Атамекен» ҰКП әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі бөлім басшысы Нұрбол Әшербеков.
Кәсіпкерлер палатасы ақпаратына қарағанда, Алматы қаласында газ құю бекеттерін салу «QazaqGaz» компаниясына жүктелген. Дегенмен Алматы қаласы әкімдігі жер телімдерін бөлуге және инженерлік коммуникацияларды тарту жұмыстарын уақытылы орындамай отыр.
Фото: atameken.kz