Алматыда автокөліктерін газбен жүруге лайықтағысы келгендерге шағын несие беріледі - А.Есімов
АЛМАТЫ. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматының автокөліктері жаппай газға көшіріле бастайды. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысуымен қала әкімін тағайындау үшін өткен кезектан тыс мәслихат отырысы барысында Ахметжан Есімов айтты.
«Алматының экологиялық ахуалын жақсарту басты мақсатымыз. Бұл ретте газбен жүретін қоғамдық көліктер алынуда. Жекеменшік көліктердің де газбен жүруін қамтамасыз ету үшін оларға шағын несие беруді жүзеге асырмақпыз. Қазіргі кезде «Алматы» ӘКК-на қаржы бөлінді. Олар тарапынан шағын несие ұйымы құрылып, көлігін газбен жүруге жабдықтауға ниет білдіргендерге несие бере бастайды. Бұл арқылы біз көліктерді газбен жүруін қамтамасыз етіп, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік аламыз», - деді қала әкімі. Оның айтуынша, көліктер қала экологиясының бұзылуына басты себепкер болып отыр. «Кәсіпорындардан шығатын қалдық экологияға аз ғана мөлшерде әсер етуде. Экологияға әсері бар шағын секторды газдандыру мәселесі алдағы 2 жылда аяқталады. Сондай-ақ ЖЭС-1 биыл толық газға көшеді»,- деді әкім.