Алматыда «Әйел денсаулығы күні» акциясы өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Маржан Кеңесбай/ - Алматыда онкологиялық науқастарды қолдайтын «Дені сау Азия» қоғамдық қоры қалалық Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп «Әйел денсаулығы күні» шарасын өткізуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Акция сүт безі және жатыр мойны қатерлі ісіктерінің алдын алу мақсатында құрылған «Әйел денсаулығы - ұлт денсаулығы» жобасы аясында өтіп отыр. Ол жөнінде №8 қалалық емхананың бас дәрігері Жақсыбай Бижігітов: «2009 жылғы ақпанның 7-сі күні «Дені сау Азия» қоры Үкіметке жеті қадамнан тұратын онкологиялық аурулар жөнінде Ұлттық бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП әлеуметтік комиссиясының қолдауымен онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатындағы жұмыстарды «Дені сау Азия» қоғамдық қоры жүзеге асыруда. Осы мақсатпен қоғамдық қор біздің емхананың алдында қазанның 12-сі мен 13-і күні Алмалы ауданының 100-ге тарта әйел, қыз-келіншектерін тегін қарап, нұсқау беруі керек», дейді бас дәрігер. Сондай-ақ бұл акция Қазақстан аумағын түгел қамтымақ. Ол туралы ультра дыбыстық зерттеу (УЗИ) дәрігер үйлестіруші Асқар Байтұров, «сүт безі қатерлі ісігі аурулары республика бойынша I-ші орында. Сондықтан да біз 2009 жылдың наурыз айынан бастап мобильді автобустарымыздың көмегімен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, әйелдерді тексеруден өткіздік. Осыдан екі-үш күн бұрын Алматы қаласының «Шығыс таңы», «Айнабұлақ» ықшамаудандарында болып, 100-150 әйелді тексеруден өткіздік. Осы уақытқа дейін барлығы 9967 әйел қаралды, соның ішінде сүт безінің ауытқуы жағдайлары - 5500 болса, сүт безі қатерлі ісік алды аурулары 992 оқиғаны құрады», дейді маман.