Алматыда «Әйел және дін» форумы өтеді
АЛМАТЫ. 27 ақпан. ҚазАқпарат - Алматыда 4 наурыз күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Әйел және дін» деп аталатын форум өтеді.
Онда «Қазақ тарихындағы әйелдер келбеті. Қазіргі заман әйелдері», «Діндегі әйел мәртебесі. Діндар әйел. Діни тәрбие», «Қоғамның дамуы мен оның рухани жаңғыруындағы әйелдердің рөлі» тақырыптары туралы ой-пікірлер ортаға салынады.
«Қыздар университеті» медиа орталығының жетекшісі Дәрмен Смайылдың айтуынша, форум жұмысына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-гендерлік саясат жөніндегі комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріп және өзге де үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, қайрымдылық қорлары мен қоғамдық бірлестік жетекшілері шақырылып отыр. Шара барысында республикалық деңгейде қазақ қызының заманауи болмыс-бітімі мен келбетін сомдап шығарумен айналысатын «Қыз Жібек» қыздар клубының ашылу салтанаты болады. Ол «Әйел - ұлт пен әлем болашағының кепілі» немесе «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген даналықтарды басты мақсаты ретінде ұстанбақ.
ҚР Статистика агенттігінің мәліметі бойынша өткен жылы ел халқының жалпы саны 16 миллион 719 мың 100 адамды құраған. Оның 8 млн. 654 мың 200-і әйелдер болып отыр. Гендерлік теңдік бойынша әлемдегі 135 елдің ішінде 31-ші орында тұрған Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлес салмағы - 60 пайызды құрайды.