Алматыда «Әйелдер денсаулығы олимпиадасы» аяқталды

Кеше аталмыш шараның жүлдегерлері мен жеңімпаздарының марапаттау рәсімі болып өтті. Биыл «Әйелдер денсаулығы олимпиадасы» осымен екінші рет өткізілді. Олимпиаданың мақсаты - спортты дамыту және Алматы қаласы оқу орындарының студент қыздары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Іс-шараның ұйымдастырушысы - Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының қолдауымен «Два крыла» қоғамдық бірлестігі.
Естеріңізге сала кетсек, спорттық сайыс 6 сәуірде басталған болатын. Жарысқа Алматы қаласының 20-дан астам ЖОО мен ОАОО студент қыздары қатысты. Олар жеңімпаз атану үшін спорттың 8 түрінен - жүгіру, волейбол, баскетбол, шағын футбол, боулинг, шыңға шығу, спидскейтинг, қол күрес жарыстарынан сайысқа түсті. Бұдан басқа олимпиада аясында биден және спорттың халықтық-ұлттық түрлерінен жарыстар өткізілді.
«Әрбір қыз - болашақ ана, біздің еліміздің демографиялық ахуалының өркендеуі осы тамаша жандардың денсаулығына байланысты»,-деп атап өтті шараның ұйымдастырушылары марапаттау рәсімінде.