Алматыда «Әйелдер денсаулығы олимпиадасы» басталды
АЛМАТЫ. 6 сәуір. ҚазАқпарат /Әйгерім Әмір/ - Бүгін Алматыда екінші жыл өтіп отырған «Әйелдер денсаулығы олимпиадасы» басталды.
Аталмыш ойынға Алматы қаласының жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатысуда. Алдағы 4 апта ішінде Олимпиада аясында мынандай шаралар өтеді: 100 және 2400 шақырымда жүгіру, футбол, құзға шығу, боулинг, баскетбол, волейбол, роликте сырғанау, қол күрестіру және би сайысы жарыстары.
Аталмыш шараны «Екі қанат» қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық жастар саясаты жөніндегі басқармасы және қалалық жастар саясаты мемлекеттік даму қорының қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Шараның басты мақсаты - спортты және салауатты өмір салтын насихаттау. Ал, олимпиада ұраны - «Спорт арқылы әдемілікке және денсаулыққа!» деп аталады.
«Барлық қыздарды біріншіден дәстүрлі түрде II рет өткізіліп отырған «Әйелдер денсаулығы олимпиадасымен» құттықтаймын. Сіздер білесіздер, Алматы - жастар қаласы. Сондай-ақ, осы қалада жоғары оқу орындары ең көп орналасқан. Сондықтан, әсіресе қыздар арасындағы осындай шараны қолдау біз үшін үлкен қуаныш. Жастарымызды салауатты өмір салтына баулу, соған шақыру арқылы біздер ауқымды игі істердің бірін орындадық деп ойлаймыз. Ал, қыздар арасында осындай шараны насихаттап жүрген мына сіздерге үлкен рахмет. Әйел заты табиғатынан әдемі жаратылған жандар. Ал, спорт олардың әдемілігін одан әрі шыңдай түсетіні белгілі. Сол себепті де олимпиада ұранының «Спорт арқылы әдемілікке және денсаулыққа!» деп аталуы да бекер емес. Ендеше әдемі қалпымызды одан әрі айқындай түсейік», - деді Алматы қалалық жастар саясаты жөніндегі басқарма бастығы Бақтияр Мәкенұлы.
Олимпиаданың бас демеушісі - «Lady Speed Stick» сауда маркасы.