Алматыда әйелдер үшін Ашық есік күні өтті (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда Дүниежүзілік жатыр мойны обырының алдын алу апталығы аясында «Алматының онкологиялық орталығы» мемлекеттік кәсіпорны мен барлық аудандық емханаларда әйелдер үшін Ашық есік күні өткізілді.
«Бүгін бүкіл әлем бойынша Дүниежүзілік жатыр мойны обырының алдын алу апталығы басталды. Ол алдағы 30 қаңтарға дейін жалғасады. Қазіргі таңда әлем бойынша жылына 600 мыңға жуық, ал Қазақстан бойынша жылына 1700-ге жуық әйел жатыр мойны обырына шалдығады. Елімізде жылына 700-дей әйел осы дерттен көз жұмады. Сондықтан бұл өте өзекті мәселе. Ал, Алматыда жылына шамамен 140 әйел осы жатыр мойны дертіне шалдығады. Өткен жылы қала бойынша 30 мыңға жуық әйелден жатыр мойнының қабыну үдерісін анықтадық. Яғни, бұл қатерлі ісікке айналу алдындағы ауру. Біз қабыну үдерісінің жатыр мойны обырына айналып кетуіне жол бермедік. Әйелдерге тиісті ем тағайындалды», - деді осыған байланысты өткізілген баспасөз брифингінде «Алматының Онкологиялық орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова.
Ол сонымен қатар, жатыр мойны обырының өте қауіпті ауру екендігін, сондықтан әйел азаматтарды ерінбестен тұрақты түрде дәрігерге қаралап тұруға шақырды.
«Жатыр мойнының қабынуы, яғни эрозиясының қатерлі ісікке айналу үдерісі - 10 жыл уақытты алады. Енді осы 10 жылдың ішінде бір рет болса да дәрігерге қаралуға болады ғой. Бірақ, эрозия вирустың және басқа да факторлардың әсерінен жатыр мойны обырына тезірек айналып кетуі мүмкін. Сондықтан біз жатыр мойны жарасының, қабынуының қатерлі ісікке айналуына 5 жыл уақыт береміз. Бірақ, әйелдер әр түрлі індеттер жұқтырып алуы мүмкін ғой. Сондықтан біз әйелдерді кем дегенде жылына бір рет дәрігерге қаралып тұруға шақырамыз. Ал тексерілу, емделу тегін», - деді Д. Қайдарова.
Қазір елімізде бірнеше жылдан бері 30 бен 60 жас аралығындағы әйелдер үшін тегін скринингтер жүргізіліп келеді. Соған қарамастан, тексеру барысында осы сырқатқа шалдыққаны туралы диагноз қойылған әйелдердің 15 пайызына жуығы дерті асқынып кеткен кезінде қаралған болып шығады. Ал бұл жағдайда жатырды аман алып қалу мүмкін емес.
Айта кетелік, алдын ала мәлімет бойынша Ашық есік күні өткен таңертеңгі сағат 09:00-ден 14:00-ге дейін Алматы қаласы бойынша 510 әйел медициналық тексеруден өткен. Олардың ішінде 200-ге жуық әйел «Алматы онкологиялық орталығына» қаралуға келген.
Орталықтың алдын ала мәліметі бойынша 4 әйелге «Жатыр мойны обыры болуы мүмкін» деген диагноз қойылды. Олар енді қосымша тексеруден өтетін болады. Ал 58 әйелден әр түрлі қабыну үдерістері анықталды.