Алматыда әйелдерді тонаумен айналысқан ер адам ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы әйелдерді тонаумен айналысқан ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда әйелдерді тонаумен айналысқан ер адам ұсталды

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 30 жастағы ер адам түнгі 22:00 мен 01:00 арасында әйел адамдардың қолындағы сөмкелері мен телефондарын тартып алып, қашып кетіп отырған.

Бір ғана Бостандық ауданында оның 3 эпизодқа қатысы бары анықталды.

«Әдетте әйелдер еңгезердей ер адамды қуып жете алмай қалады, әрі қуып жетсе де ешқандай шара қолдана алмайды. Мұндай сәтте құрбан болған адамдарға қылмыскердің түр-әлпетін танып алған жөн. Полицияға бұл ақпарат көп мағлұмат береді», - деді Бостандық ауданы полиция басқармасының бөлім бастығы Еркін Амантаев.

Полицияның хабарлауынша, күдікті мұның алдында да ұрлықпен ұсталып, істі болған.

«Суреттегі адамнан жапа шеккен адам болса, 298-52-84; 298-52-81 немесе 102 телефондарына хабарласуын сұраймыз», - дейді полковник Еркін Амантаев.