Алматыда Әйелдердің халықаралық күніне арналған салтанатты жиналыс өтті

АЛМАТЫ. 5 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған «Әйелдерге махаббатпен...» атты салтанатты жиын өтті.

Алматыда Әйелдердің халықаралық күніне арналған салтанатты жиналыс өтті

Мерекелік шараға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысып, Алматы әйелдерін келе жатқан мерекемен құттықтады.

«Мемлекеттік саясатымыздың барлық құрылымдарында әйелдер қызмет жасайды. Қазақстанның бүгінгі толағай табыстарының барлығында Сіздердің айқын қолтаңбаларыңыз бар. Ел жетістіктерінде сіздердің қосқан үлестеріңіз ұшан-теңіз. Мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істе де, кәсіпкерлік пен тәрбиелілікте де тамаша табыстарға қол жеткізіп келесіздер. Қаламыздың экономикалық жетістігі де сіздердің арқаларыңызда деп айтуға әбден болады. Оған дәлел ретінде, қазіргі қаладағы әейелдердің үлес салмағы ерлерден артық екенін айтсақ та жеткілікті. Ал, олардың басым көпшілігі білім, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларда қызмет істейтінін ескерсек, олардың маңыздылығы қаншалықты зор екендігін көреміз. Олай болса, Сіздерге алғыстан басқа айтарымыз, бақыттан басқа тілеріміз жоқ. Өмірлеріңіз ұзақ, көңілдеріңіз көтеріңкі көңіл мен шаттыққа толы болсын!»,-деді қала басшысы Ахметжан Есімов.

Салтанатты шараға Алматының даңқты әйелдері, мұғалімдер, дәрігерлер, инженерлер, мәдениет, ғылым және спорт қайраткерлері, шағын, орта және ірі бизнес өкілдері, көп балалы аналар арнайы шақырылды. Мерекелік жиынға қатысқан барлық әйел қауымына сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді.

Шара Қазақстан өнер шеберлерінің мерекелік концертімен жалғасты.