Алматыда әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу мәселелері талқыланды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиын барысында әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ өзекті мәселелерді шешуде тиімді тәсілдерді әзірлеу мәселелері қаралды.
Комиссия төрағасы орынбасарының м.а. Сана Жандай атқарылған жұмыс туралы есеп берді. Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы қалалық полиция департаментінің өкілі Гүлбану Сабралиева баяндады. Ана мен баланы қорғаудың өзекті мәселелері, оларды шешу жолдары бойынша Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали айтып берді.
Отырыстың қорытындысы бойынша Ержан Бабақұмаров әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне жол бермеу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, отбасы институтын нығайту, қиын жасөспірімдерді бейімдеу және әлеуметтендіру, әйелдер мен балалардың мүдделерін қорғау бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру бойынша пәрменді шаралар әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша сервистік полиция жобасының элементтерін зерделеуді және практикада қолдануды тапсырды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерді қолдау жөніндегі дағдарыс орталықтары желісін кеңейту қажеттігін айтты.
Талқылау барысында шешуді талап ететін өзекті мәселелерді анықтау үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және әлеуметтік сауалнамалар жүргізу бойынша ұсыныстар енгізілді.