Алматыда әйелге тапанша кезенген автокөлік жүргізушісі 7 тәулікке қамалды
Естеріңізге сала кетейік, бұл оқиға бірер күн бұрын Алматы қаласы, Алатау ауданының «Заря Востока» шағын ауданында орын алған. Осы дерек бойынша «Дэу» автокөлігін басқарған жүргізуші әйел Алатау ауданының ІІД жүгінген.
Келесі күні-ақ күдіктінің аты-жөні белгілі болып, ол бүгін ұсталды. «Рейндж Ровер» автокөлігінің 28 жастағы жүргізушісі «Дэу» автокөлігіне жол бермей, екінші дәрежелі жолдан жол қиылысына шығып кеткен. Артынша тоқтап, есігінің шынысын төмен түсіріп, әйел жүргізушіге тапанша кезеніп, қоқан-лоққы көрсеткен. Ал әйелдің қасында үш жасар қыз болған.
Жүргізушінің бұл қылығы ұсақ бұзақылық ретінде белгіленіп, ісі сотқа берілді. Бір айта кететін жайт, оның тапаншасы тіркелген екен.
Алматы қалалық арнайы мамандандырылған соты ҚР әкімшілік Құқық бұзушылық кодексінің 330 бабының 1 бөлімі бойынша «Рейндж Ровер» автокөлігінің жүргізушісі, Алматы қаласының тұрғыны Ренат Насыровты 7 тәулікке қамау туралы үкім шығарды. Сонымен қатар, сот шешімі бойынша жүргізушінің тапаншасы тәркіленіп, жойылмақ. Жүргізуші өзінің кінәсін толық мойындаған. Сондай-ақ әйел жүргізуші басқарған «Дэу» автокөлігінде үш жасар қыздың бар болғанын байқамағандығын және сот үкімін бұздыру туралы шағым бермейтіндігін жеткізген.
Айта кетейік, ұсталған азамат төрт түрлі құқықбұзушылық әрекеті бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Дәлірек айтқанда, ол көлікті тиісті құжатсыз басқарған, «Жол бер» деп аталатын белгіні елең қылмаған, қаупсіздік белбеуін тақпаған және сақтандырау полисін рәсімдемеген. Сонымен, оған салынатын жалпы айыппұл сомасы 64 мың 780 теңгені құрады. Сондай-ақ құқық бұзушының автокөлігі арнайы автотұраққа қойылды.