Алматыда әйгілі дирижер Алан Бөрібаев туралы екі деректі фильмнің тұсауы кесілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда ТОЛТУМА кинокомпаниясы мен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы әйгілі қазақстандық дирижер Алан Бөрібаев жайындағы екі деректі фильмнің таныстырылымын өткізді. Екі фильмді де режиссер Ермек Шынарбаев түсірген.
Естеріңізге сала кетелік, қазір елімізде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жас тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлемге танытып жүрген атақты тұлғалар жайында деректі фильмдер сериясын түсіріп жатыр.
Сондай тұлғалардың қатарында әлемдегі ең танымал жас дирижерлердің бірі - Алан Бөрібаев та бар. Ол әлем бойынша әйгілі оркестрлермен жұмыс істеген. Аланның жетекшілігімен әзірленген музыкалық туындылар әлемге белгілі театрларда қойылды.
«Алан Бөрібаев, Кармен» және «Абай» деректі фильмдері көрермендерге «Кармен» және «Абай» операларын қою жұмыстарының қалай жүргізілгендігі туралы сыр шертеді.
Фильмді жасаушылардың айтуынша, фильмді түсірудегі басты мақсат - көрермендерді музыканттың шығармашылығымен ғана таныстыру емес, оның музыка саласындағы жолының құпиясын ашу болған.
«Бұл екі фильм мен туралы бұған дейінгі түсірілген кино туындылардан ерекше. Ермек Шынарбаев - өте дарынды адам, тамаша режиссер. Ол бұл фильмдерді өз көзқарасымен, өз ұстанымымен түсірді. Негізінен, түсіру жұмыстарының көбісі Алматыда жүргізілді. Ол бір-біріне ұқсамайтын екі фильмді дүниеге әкелді. Ең бастысы, ол дирижер мамандығының түпкі мән-мағынасын беруге тырысты. Өйткені, режиссерлардың барлығы бірдей дирижердің шын мәнісінде немен айналысатынын түсіне бермейді. Ал Ермек репетициялық үдерістер мен көрсетілімдердің барлығын түсіріп шықты. Репетиция барысында менің әртістер мен оркестрге қойған талаптарым Ермек іздеген материалдардың желісіне айналды», - деді фильмдердің бас кейіпкері, дирижер Алан Бөрібаев.