Алматыда «Айгүл» ансамблінің 40 жылдығына арналған концерт өтеді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Ертең Алматыдағы Республика сарайында 70-80-ші жылдары Қазақ сахнасының ажарын келтірген «Айгүл» ансамблінің 40 жылдығына арналған концерт өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Айгүл» ансамблі 1969 жылы Кеңес Одағының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жоғары мектеп академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Марат Балтабаевтың ұйымдастыруымен құрылған. Қазақ мемлекеттік қыздар институтының 12 студентінен құралған топ халықтық ұлттық дәстүрлерді сол заманның жаңалығымен үйлестіріп, қазақ сахнасында жаңа бағыт қалыптастырады. Домбыра, қобыз, асатаяқ, шертерді бас, ритм, соло гитара сынды аспаптарға қосуымен ерекшеленген топ ГДР, Югославия, Польша, Франция, Жапония, Египет, Моңғолия сынды елдердің сахналарында өнер көрсетеді.1969 жылы Бүкілодақтық телеконкурстардың лауреаты, 1975 жылы «Халықтық көркем ұжым», 1977-78 жылдары Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Халықаралық және Республикалық конкурстардың жүлдегері, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің құрметті мүшесі атанады.Топ құрамында өнер көрсеткен мүшелерінің қатарындағы студент қыздар бүгінде ҚР мәдениет қайраткерлері, ардақты ана, әжелер. Олардың қатарында Халықаралық ғылымдар академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы Сақыпжамал Ұзақбаева, Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі Галина Қарамолдаева, «Қазақстан» АҚ телерадиокорпорациясының режиссері, «Алтын жұлдыз» телебайқауының лауреаты Қарлығаш Мұртазина тәрізді елге белгілі жандар бар. «Ертеңгі концертіміз жастық шағымыз бен 40 жыл бұрынғы «Айгүлді» еске түсіру, бүгінгі жастардың отанға, ұлттық дәстүрге, тілге деген көзқарасын ояту мақсатында өткізілмек», - дейді Халықаралық ғылымдар академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, топ мүшесі Сақыпжамал Ұзақбаева.