Алматыда азаматтардың діни сенім бостандығы жөнінде республикалық семинар өтті
АЛМАТЫ. 12 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматы қаласының әкімдігінде азаматтардың діни сенім бостандығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша республикалық семинар болып өтті.
Шараны «Перспектива» ақпараттық кеңестік топ» қоғамдық қоры ҚР Мәдениет министрлігі және Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе ұйымдастырды. Семинардың мақсаты тәжірибелер алмасу мен азаматтардың діни сенім бостандығын тиімді қорғайтын бірлескен стратегиялар ұсынуға бағытталған. Жиын жалған діни ұйымдар әрекеттерінен жапа шегушілермен жұмыс істейтін педагогикалық және ғылыми қауымдастық өкілдеріне, сарапшылар мен басқа да ҮЕҰ өкілдеріне арналды.
Шара барысында қатысушылар ұйымдастыру мен ақпаратты-насихаттау және кеңес беру жұмыстары жөнінде тәжірибелер алмасты. Сонымен қатар, студент жастар арасындағы түрлі секталарға тартылушылық оқиғалары көп кездесетін аумақтарда түсініктеме жұмыстарын жүргізу үшін бірлескен жоспар құру жөнінде келісім жасасты.