Алматыда азаматтық қоғам өкілдерінің адам құқықтары бойынша семинары өтті
АЛМАТЫ. Маусымның 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда азаматтық қоғам өкілдерінің адам құқықтары бойынша семинары өз жұмысын аяқтады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сот жүйесі мен бас бостандығынан айыру орындары: Еуропа үлгілеріне қол жеткізу жолында» деген тақырыппен өткен бұл шараны Еуропа комиссиясы ұйымдастырды. Ол ашық пікірталас үдерісінде Үкіметпен ресми диалог мазмұнына үлес қосу мақсатын көздейді. Маусымның 29-ы күні басталған семинардың пленарлық отырыстары -«Әкімшілік жауапкершілік институтының заңдағы реттелуі», «Түрмеде ұстау мен қылмыстық ізге түсу баламаларының дамуы мен тәжірибелік қолданылуы: Еуропа тәжірибесі және Қазақстан Республикасы» деген тақырыпта өтті. Сондай-ақ «Сот жүйесі» және «Қамауда ұстау және бас бостандығынан айыру орындарындағы ұстау жағдайы» жұмыс топтарының 8 отырысы болды.
Жалпы бұл шара Еуропа Одағының Орталық Азиямен ынтымақтасуына бағытталған «жаңа серіктестік стратегиясының аясында жүзеге асып отыр. Бұл бастаманың басты мақсаты - адам құқықтарын, құқық басымдылығын, Қазақстан мен Еуроодақ елдерінің азаматтық қоғам өкілдері арасындағы қарым-қатынасты кеңейту арқылы Орталық Азияны басқару мен демократиялалауды дамыту.