Алматыда «Азат рухтың алдаспандары» ән-күй кеші өтеді

АЛМАТЫ. 17 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда  Тәуелсіздіктің 21 жылдығы мен 1986 жылғы Желтоқсан көтерлісінің 26 жылдығына орай «Азат рухтың алдаспандары» деп аталатын ән мен күй кеші өтеді.

Алматыда  «Азат рухтың алдаспандары» ән-күй кеші өтеді

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында  болатын бұл шара   режиссер Сағызбай Қарабалиннің сахналаған  қойылымымен ашылады. Оны Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі мен «Тіл» орталығы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Онда азаттық жолында құрбан болған, атылған, қудаланған, жер айдалып, абақтыға жабылған композиторлардың шығармашылығы көрініс табады. Азаттықты аңсаған Махамбет, Иманжүсіп, Жаяу Мұса, Мәди, Қапез, Сары, Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Әбді, Қанапия сияқты саңлақтардың шығармаларымен қатар, Тәуелсіздік тақырыбындағы халық әндері мен күйлері және кейінгі заман композиторының туындылары орындалады.

Кешке Біләл Ысқақов, Жоламан Құжиманов, Абдулхамит Райымбергенов, Сәуле Жанпейісова, Әбіирбек Тінәлі, Ерлан Төлеутай, Тілеулес Құрманғалиев, Талғат Мұқышев, Саян Ақмолда, Еркін Шүкіманов, Мұрат Әбуғазы, Ерлан Ырысқали, Айгүл Үлкенбаева, Нүркен Әшіров, Саят Нұрғазин сияқты  тағы басқа да  өнерпаздар қатысады.