Алматыда «Азиада-2011» қысқы олимпиада ойындарына арналған балалар шығармашылығының байқау-көрмесі болды
АЛМАТЫ. 13 Желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда «Бірлігіміз жарасқан!» республикалық акция аясында «Прайм плаза» ойын-сауық орталығында Тәуелсіздік күні мерекесіне орай және «Азиада-2011» қысқы олимпиада ойындарына арналған «Қыс қызығы» деп аталатын балалар шығармашылығының байқау-көрмесі болып өтті.
Әуезов аудандық білім басқарамасы мен №28 балабақшаның ұйымдастыруымен өткен көрмеге Әуезов ауданының 36 бала бақшада тәрбиеленіп жатқан балалардың «Азиада» ойындарына арнап салған 80-ге жуық суреттері қойылған.
«Балалар суреттері - баланың ішкі әлемінің бейнесі болып табылады. Біз бүгінгі тәуелсіз еліміздің ұландарының еліміз үшін маңызды болып табылатын «Азиада» олимпиадасы жайындағы көзқарасын білу үшін бүгінгі шараны ұйымдастырдық. Олар өздерінің шығармашылық шабытымен спортшыларымызға ерекше рух беретініне сенемін. Мұндай шаралар жас ұрпақтың туған еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, ұлтжанды өскелең ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етері сөзсіз»,-деді Әуезов аудандық білім бөлімінің бас маманы Бақыт Тәжінова.
Барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды.