Алматыда Азиялық күрес академиясы ашылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешенінде Азиялық күрес академиясы пайда болады. Бұл туралы қалалық спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов спорт жобаларының таныстырылымы кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің көптен күткен нысанымыз – «Сұңқар» халықаралық трамплин кешенінің екінші кезегінің құрылысын аяқтау. 580 орынға арналған әмбебап зал қарастырылған. Онда 25-те 16 метр бассейн, қонақ үй кешені болады. Осы нысан негізінде Азиялық күрес академиясын ашу жоспарланып оытр. Барлық инфрақұрылым осы мақсаттарға толығымен жауап береді. Аяқтау мерзімі - осы жылдың қазан айы», - деді Рүстем Байсейітов.
Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен қаланың шеткі аудандарында 6 спорт-сауықтыру кешені мен бір теннис орталығы салынады.
Қазіргі кезде қаладағы спорт нысандарының саны- 3,4 мың. Жалпы аумағы 81,5 мың шаршы метрден асады.