17:58, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрақты сақталып отыр - кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы
АЛМАТЫ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Қазіргі уақытта Алматыда теңгенің доллардағы бағамы 165 теңге, евро 205 теңге, ресей рублі 4,5 теңге болып отыр.

Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінде өткен отырыс барысында қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Бақытжан Сәпиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бақытжан Сәпиевтің айтуынша, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы соңғы 2 күнде жеке және көтерме кәсіпорындары мен тауар өндіруші кәсіпорындардың өнім бағасына мониторинг жүргізген. Бүгінде Алматыда 102 нысаны бар 11 супермаркеттер желісі компаниясы, 20 азық-түлік базары, 3 мыңға жуық ВС сыныпты дүкен бар. Оларға жүргізілген мониторинг бойынша соңғы 2 күнде азық-түлік тауарларының бағасында өзгеріс байқалмаған. Қатты сұраныс та жоқ. Ал азық-түлік тауарларына жатпайтын өнім сатушы «Планета электроники», «Технодом» дүкендер желісінде тауар бағасы 20 пайызға көтерілген. Қалған азық-түлік емес заттарды сатушылар бағасында өзгеріс жоқ. Ал қаладағы 18 көтерме компания өз өнімдерінің бағасын қайта есептеу үшін уақытша тоқтатқан. «Қаладағы жанармай 183 май құю стансысы бар 7 компания арқылы сатылады. Олардағы баға бұрынғысынша. Тек бүгін таңертең 2-3 пайыздық аздаған баға көтерілуі байқалды. Жалпы алғанда азық-түлік қорымен қаланы қамтамасыз ету тұрақты. Қаланың 80 пайызын азықпен қамтамасыз ететін сатушы компанияларда сатуға жеткілікті азық-түлік қоры бар», - дейді қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы.«Ал нан өнімдері саласында қызмет көрсетуші 32 компания бар. Оның 4-і тәулігіне 215 тонна нан өнімдерін шығаратын ірі өндіріс ошағы. Бұларда баға көтерілген жоқ. Наурыздың аяғына дейін жететін ұн қоры да бар. Қалада тәулігіне 350 тонна сүт және сүт өнімдері сатылады. Оның 135 тоннасы өзімізде өндіріледі. Олардағы құрғақ сүт қоры ақпанның аяғына дейін жетеді», - дейді Б.Сәпиев. Сондай-ақ қалада 40 тонна өсімдік майы пайдаланылады. Ал өнім өндірушілер тәулігіне 110 тонна май өнімдерін дайындайды. Май өнімдерінің қоры да ақпанның аяғына дейін жеткілікті. Қоймаларда қаланы 20 күн бойы қамтамасыз етерліктей 1500 тонна қант бар.
«Бұл көрсеткіштер Алматы тұрғындарының азық-түліктен тарықпайтынын көрсетеді. Теңгенің девальвацияға ұшыраған тұсында біз азық-түлік бағасы мен қорына күнделікті мониторинг жүргізіп тұратын боламыз. Барлық базарларда муниципальды сауда қатарларын ашу туралы келісім бар. Сондай-ақ барлық аудандарда салықтан босатылған азық-түлік жәрмеңкелері өткізіліп тұратын болады. Бұның бәрі қаланы азықпен қамтамасыз ету, бағаны тұрақты ұстап тұру үшін жасалып отыр», - дейді Бақытжан Сәпиев.